Әмиян
Сіңірі шыққан кедей жігіт жолда келе жатып әмиян тауып алыпты. Ашып қараса әмиянның ішінде бір алтын теңге бар екен. Жігіт қуанып кетіпті де;
- Мен бұл теңгеге үйге нан,сүт,азық- түлік алып барамын,әке -шешем,бала - шағам бір тоятын болды - деп ойлапты.Осылай ойлаған сәтте қолындағы әмиян біраз ауырласқандай түйіліпті. Тағы ашып қараса,енді он алтын теңге пайда болыпты. Жігіт қуанып;
- Енді мен бұған үйдегі әке - шешеме бұзаулы сиыр алып берем,аузы аққа жарып,қарқ болатын болды - депті.
Әмиян одан да ауырласыпты. Ашып қараса,жүз алтын теңге шығыпты. Жігіт,әмиянның қасиетіне риза болып,мен енді бұл ақшаларға ата анама жаңадан үй соғып беремін,тұрған үйіміз құлайын деп тұр. Байғұс әке шешем қуанып қалатын болды депті. Осылай ойлағаны сол ақ екен әмиян бұрынғысынан да ауырласып кетіпті. Жігіт ашып қараса,мың алтын теңге шығыпты. Жігіт сәл ойланып тұрыпты да;
- Әкем шешемді жаңағы үйде қалдырып,өзіме басқа жақтан жер алып,зәулім сарай соғамын, қатын,бала шағаммен сол зәулім сарайда тұратын болам дегені сол ақ екен әмиян қайтадан жеп-жеңіл боп қалыпты. Жігіт ашып қараса,баяғы бір алтын теңге жатыр екен…
Қиссадан қисса,әке - шешеге еткен жақсылықтың сауабы мол болмақ.
Сұлухан Мыңбай