Оразаның сіз білмейтін пайдалары.
Ғылым аштықпен емделудің адам денсаулығына тигізер пайдасын соңғы екі ғасырда ғана дәлелдеді. Ал ол жайлы 1400 жыл бұрын-ақ Қасиетті Құранда айтылып қойған: «…Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы» («Бақара» сүресі, 184-аят). Ал ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстап, ауруларыңнан айығыңдар» деген.
Аштықтың адамға пайдалы екенін зерттей отырып Германия ғалымдары ең жақсысы – жылына бір рет төрт аптадан кем қылмай күн сайын 10-15 сағаттық ашығу дейді.
Қазіргі таңда кейбір елдерде ашығу арқылы емделуге арналған арнайы клиникалар бар. Ашығумен емделу үлкен сұранысқа ие емнің бір түрі болып отыр.
Ауыз бекітудің пайдасы жайлы көптеген әлем ғалымдары сан алуан еңбектер жазып, зерттеулер жүргізіп, дәлелдер келтірді. Сонымен, ораза тұтудың денсаулығымызға тигізер пайдалары қандай?
– қандағы холестерин мөлшерін азайтады;
– жүректің ишемиялық ауруларының алдын-алады;
– ағзадағы қанттың мөлшерін реттейді;
– асқазан сөлінің қышқылдылығын реттейді;
– асқазан-ішек ауруларының алдын алады;
– ағзаны зиянды микробтардан тазартады;
– түрлі ісік ауруларынан қорғайды;
– денедегі артық шлактар мен майларды жояды;
– қан қысымын қалыпқа келтіреді;
– артық салмақтан арылуға көмектеседі т.б.
Айта кететін жәйт, Оразаны тек Алла разылығы үшін тұту керектігін ұмытып «ораза тұтып, артық салмақтан арылайын», «жақсы болды, қан қысымымды реттеп алайын» деу – дұрыс емес.