Биыл Ережеп айы 29.03.2017ж. басталады.
Ережеп - үлкен ай. Алла бұл айда жақсылықты кезек-кезегімен береді. Бұл ай, хадисте айтылғандай, Алла Тағаланың айы болып саналады. Ережеп айы - мұсылманша ай күнтізбесіндегі жетінші ай. Одан кейін қасиетті Шағбан және Рамазан (Рамадан) айлары келеді. Ислам дінінде харам айлар (төрт ай), яғни «тыйым салынған айлар» деп аталатын айлар бар. Солардың бірі - осы Ережеп айы. «Тыйым салынған» деген түсінік бұл айлардың көлемінде бірінші болып соғыс ашуға тыйым салынуы (егер жауы шабуылдағанда қорғану үшін соғысудан бөлек) себебінен және күнәлі істерді істеуге тыйым салынуы себебінен шыққан. Ислам дәуірінен бұрын да арабтар бұл айларда соғысуды үлкен күнә деп санаған. Ал Ислам арабтың бұрынғы қағидасына қарсы шықпаған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (салаллаһу ьәләйһи уә сәллам) айтқан: «Ережеп - Алла тағаланың айы, Шағбан - менің айым, Рамазан - үмбетімнің айы». Көптеген Ислам ғұламалары бұл қасиетті айларды былайша жіктеген: «Ережеп - құрмет айы, Шағбан - қызмет айы, Рамазан - нығмет айы» немесе «Ережеп - ғибадат, Шағбан - тақуалық, Рамазан - осы екеуінің жемісін арттыратын ай» немесе «Ережеп - егін салу, Шағбан - суғару, Рамазан - ору», т.б.
Ережеп айында көптеген айтулы оқиғалар болған. Ережеп айының бірінші күні Нұх пайғамбар (ғ.с.) кеме жасады. Жетінші күні Нұх (ғ.с.)-тың топан суы басталды. Жиырма жетінші күні пайғамбарымыз (салаллаһу ьәләйһи уә сәллам) миғражға көтерілді. Жиырма тоғызы күні хазіреті Осман (р.а.) шаһид болды.
Алла Тағала Ережеп айында жақсылықты молынан береді. Хадистер бойынша, бұл айдың алғашқы күнінде 1 күн ораза ұстаған адамның кіші күнәлары кешіріледі. Басқа бір хадис бойынша осы айда 1 күн ораза ұстаған адамға 1 жыл ораза ұстағандай сауап жазылады. 7 күн ораза ұстаған адамға тозақ есіктері жабылады. 8 күн ораза ұстаған адамға Жұмақтың 8 есігі ашылады. 10 күн ораза ұстаған адамға Алла қалағанын береді. 15 күн ораза ұстаған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі.
Ережеп айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы үлкендігі жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (салаллаһу ьәләйһи уә сәллам) хадисінде: «Шындығында, Жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады», - делінген.
Ережеп айында нәпіл намаз оқу туралы «Ғимадул ислам» деген кітапта «Кімде-кім Ережеп айының бірінші бейсенбі күні 16 рәкат нәпіл намаз оқып, әр рәкатында бір «Фатиха» сүресіне қосып «Ықылас» және «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқыса, дүниеден өткенде анасынан жаңа туғандай пәк болар. Қиямет күні тірілгенде шаһидтермен бірге тірілер» деп жазылған. Қасиетті айлардың бастауы болған Ережеп айында жасалатын жақсы амалдардың сауаптары артып, күнәлі істерге қатаң тыйым салынады.
Сәубан (р.а.) айтты: пайғамбарымыз Мұхаммед (салаллаһу ьәләйһи уә сәллам) екеуміз бірге кетіп бара жатыр едік. Жолымызда қабірлер болатын. Пайғамбарымыз бір кезде қабірлерге қарап, көзіне жас алды. Содан соң маған қарап: «Ей, Сәубан, мына қабірдегі жатқан адамдарды қабір азабынан құтқаруды тілеп, Алла тағаладан дұға еттім. Егер де бұлар Ережеп айында бір күн ораза тұтқанда немесе құлшылық етсе, яки осы айда дүниеден өтсе, онда бұларға қабір азабы болмас еді», - деді. Сонда мен: «Я, Расулулла, Ережеп айының бір күн оразасы қабір азабынан құтылуға каффарат болады ма?» деп сұрадым. Пайғамбарымыз (салаллаһу ьәләйһи уә сәллам) айтты: «Әр мұсылман ең болмаса Ережеп айында бір күн нәпіл ораза ұстаса, ғибадат етіп, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла Тағала ол кісінің амал кітабына бір жылғы ғибадаттың сауабын жазар», - деді.
Ережеп - мағфират айы, адамдардың күнәлары кешірілетін ай. Сол себепті ол Алла Тағаланың айы болып есептеледі. Ал одан кейін келетін Шағбан айы - шапағат айы, бұл айда Бараат кеші, ғибадат түні бар. Сол себепті ол - пайғамбарымыздың айы. Рамазан - тозақтан құтылатын, яғни күнәдан тазарып, құлшылық ететін ай. Сол себепті Мұхаммед (салаллаһу ьәләйһи уә сәллам) пайғамбар үмбетінің айы болып есептеледі.